АСТАНА. ҚазАқпарат – Атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды. Бұл туралы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жуырда Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Үкімет қайта жасақталды. Осылайша, ауқымды саяси өзгерістің алғашқы кезеңі аяқталды деуге болады. Біз билік тармақтарының тепе-теңдігін орнықтырдық. Енді еліміздегі қоғамдық-экономикалық қатынастарды қайта құруымыз керек. Жұртшылық бұл реформаларға зор үміт артып отыр. Сондықтан, біз нақты іс-шараларға баса мән беруге тиіспіз», — деді Президент.
Мемлекет басшысы Парламент сессиясының ашылуында заңнамалық тұрғыдан шешілуге тиіс бірқатар мәселені атап өткенін еске салды.
«Ал, бүгін әлеуметтік-экономикалық саладағы мақсат-міндеттерді айқындап алуымыз керек. Үкімет және барлық деңгейдегі әкімдер соған сүйеніп жұмыс істейтін болады. Осы басқосуға мәслихаттардың өкілдері қатысып отыр. Бұл да – нақты саяси өзгерістердің нышаны. Атқарушы және өкілді билік арасында тиімді қарым-қатынас орнату өте маңызды. Қажет болса, олар бірін-бірі толықтырып, қолдап отыруы керек. Мұның бәрі мемлекеттік саясатты тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ел мүддесін ескере отырып шешім қабылдауға жол ашады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.