Аршалы ауданында су тасқынына дайындық жұмыстары пысықталуда

Аршалы ауданында су тасқынына дайындық жұмыстары пысықталуда

 

Аршалы ауданында су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте аудан әкімінің орынбасары Ержан Жолымбетов ықтимал көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары туралы баяндады.

 

«Аудан аумағында 10 елді мекен асу тасқыны қаупі бар аймақта орналасқан, біздің басты міндетіміз – оларды қорғау», – деп атап өтті Ержан Жолымбетов.

 

Ақмола облысы әкімінің бекіткен Кешенді жоспары аясында су бұру арналарының тазалануы мен кеңейтілуі, бөгеттердің нығайтылуы және су өткізу құрылғыларының орнатылуы бойынша жұмыстар жүргізілді. Маңызды қадамдардың бірі – Жібек жолы ауылындағы шағын аудандарда қорғаныс бөгетін салу болды, бұл құрылыс ақпан айының соңында аяқталады. Бұл нысан 447 үйді және 1400-ден астам тұрғынды қауіпсіздікпен қамтамасыз етеді.

 

Сонымен қатар, Анар ауылдық округінде Анаркөл көлінің қорғаныс бөгеті қайта жаңартылуда.

 

«Жұмыстың 80%-ы аяқталды, алдағы апталарда нысан пайдалануға беріледі», – деді спикер.

 

Жаңа бөгет 54 үй мен Анар ауылының 70-тен астам тұрғынын қорғауға мүмкіндік береді.

 

Гидротехникалық құрылыстарды тазарту бойынша да үлкен жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, Жібек жолы ауылынан Астана қорғаныс бөгетіне дейінгі айналма арна толық тазартылды.

 

Су тасқынына қарсы күрес үшін күштер мен құралдар дайындалды. Биыл аудан инженерлік және су сорғыш техникалар паркін ұлғайтып, қосымша мотопомпалар сатып алды және су тасқынына қарсы іс-шараларға тартылған жеке құрам санын көбейтті.

 

«Біз 73 бірлік техниканы дайындадық, 20 тонна жанар-жағармай материалдарын және құм салынған 40 мыңнан астам қап қорын жасадық», – деп толықтырды аудан әкімнің орынбасары.

 

2025 жылы су тасқынына қарсы іс-шараларды қаржыландыруға 25 миллион теңге бөлінсе, резервтік қор 60 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды. Қосымша қаржы ретінде елді мекендерден қар тазалау мен шығаруға 237 миллион теңге бағытталды.

 

«Бұл бағытта жұмыс жалғасуда, біз су тасқыны кезеңінің аудан тұрғындары үшін ауыр салдарсыз өтуіне бар күшімізді саламыз», – деп түйіндеді Ержан Жолымбетов.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также