АЭС ЭНЕРГИЯ ТАПШЫЛЫҒЫ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ – ДӘУРЕН ӘБЕН

Электр қуатының тапшылығы қазірдің өзінде еліміз үшін едәуір проблемаға айналып отыр. Осы ретте Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі АЭС-ның ұтымдылығы жөнінде ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбен сұхбаттасты.

Маманның айтуынша, АЭС салу үлкен шығындарды талап етеді, бірақ ұзақ мерзімді перспективада бұл шығындардың барлығы өзін-өзі ақтайды.

– АЭС елімізге қаншалықты пайда әкеледі?

– Электр энергиясы – қазіргі заманғы өркениеттің «қаны», оны өндіру үшін қазба отындарынан ядролық реакцияларға және судың, күн мен желдің қуатына дейінгі барлық көздер қолданылады. Бірақ адамзаттың қажеттіліктері барған сайын өсіп жатыр, ал ресурстар барған сайын азайып жатыр. Бұл жағынан Қазақстан басқа елдерден ерекше емес.

Электр қуатының тапшылығы қазірдің өзінде еліміз үшін едәуір проблемаға айналып отыр, ал болашақта ол үлкен сынаққа айналады. Ел ішінде электр қуатын жеткілікті түрде өндірмесек, біз энергетикалық тәуелсіздігімізді жоғалтып, қоғамымыздың дамуын бәсеңдетеміз.

АЭС салу арқылы мемлекет бұл сынға лайықты жауап беруге және алдын алу шараларын қабылдауға ұмтылуда. Осы тұрғыдан алғанда, АЭС энергия тапшылығы мәселесін шешудің тиімді жолдарының бірі болып табылады.

– Ел экономикасына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

Экономика электр қуатымен жеткілікті түрде қамтамасыз етілмесе жұмыс істей алмайды, ал АЭС-ның негізгі мақсаты тұрақты және ұзақ мерзімді негізде электр энергиясын өндіру болып табылады. Қазақстанда халық саны өсіп, жаңа өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы нысандары пайда болуда, көлік-коммуникация инфрақұрылымы кеңейіп келеді.

Мұның барлығы электр энергиясының көп мөлшерін қажет етеді. Қазақстан экономикасының болашақтағы өсуі тұрақты электр энергиясын өндіруді қамтамасыз ете алуымызбен тікелей байланысты, ал АЭС басқа көздермен үйлескенде бұл мақсатқа жетуге көмектеседі.

– Ұзақ мерзімді перспективада АЭС арзан әрі тұрақты энергия көзі болуы мүмкін бе? Осы жайлы да айта кетсеңіз.

– АЭС салу үлкен шығындарды талап етеді, бірақ ұзақ мерзімді перспективада бұл шығындардың барлығы өзін ақтайды. Қазіргі АЭС-ның жобалық пайдалану мерзімі 60 жылды құрайды және тағы ондаған жылға ұзартылуы мүмкін.

Орташа қуаттағы АЭС жыл бойы жұмыс істеу үшін бірнеше тонна уранды қажет етеді, ал мазут немесе көмір жағатын станциялар қоршаған ортаға зиянын айтпағанда, бір жылда бірнеше миллион тонна отынды тұтынады.

АЭС-ның пайдалану шығындары да салыстырмалы түрде төмен, бұл тарифтердің арзан болуна ықпал етеді. Сонымен қатар, атом энергетикасы шетелдік электр энергиясына тәуелділікті азайтуға көмектеседі, бұл да бағаны бақылауда ұстауға көмектеседі.

– АЭС салу жоғары технологиялық саланы дамытуға, ғылым мен техниканың алға жылжуына септігін тигізе ме? Бұл туралы не айта аласыз.

– Қазақстанда қазірдің өзінде атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында, оның ішінде азаматтық ядролық секторды жүйелі дамыту мақсатында, теориялық және қолданбалы зерттеулер жүргізуге көп көңіл бөлінеді. Ұлттық ядролық орталықта ядролық реакторлардың жаңа түрлерін жасау, ядролық қондырғылар үшін жоғары дәлдіктегі жабдықтарды әзірлеу, АЭС қауіпсіздігін арттыру, атом өнеркәсібінің техникалық ғимараттары мен құрылыстарын жобалау, сондай-ақ ядролық реакторларға арналған озық отынды сынау бойынша жобалар іске асырылуда.

АЭС салу халықаралық ғылыми-зерттеу мекемелерімен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік береді, зерттеулердің тақырыптық көлемі мен ауқымын айтарлықтай кеңейтуге жол ашады.

Мүдделі тараптармен қосылып біздің ел ядролық физика, радиациялық материалтану, сейсмология, ядролық медицина, радиоэкологиялық сараптама және мониторинг салаларындағы заманауи жобаларды жүзеге асыра алады. Осы ғылыми жұмыс арқасында еліміздің атом өнеркәсібін ары қарай дамытуға жағдай жасауға болады.

– Болашақта АЭС-тан басқа энергия көзі қалмайды деген ой бар. Осы жайлы айта кетсеңіз.

– Дүние жүзіндегі көмір, мұнай және газ қаншалықты тез таусылатыны туралы көптеген болжамдар бар. Бірақ болашаққа арналған болжамдар үшін қалған қорлардың саны емес, олардың қолжетімділігі маңыздырақ.

Бірнеше ғасырға жететін мұнай қоры болғанның өзінде оны күрделі кен орындарынан алу мүмкін емес болуы ықтимал. Климаттың өзгеруіне байланысты адамзат күн мен желдің қуатын толыққанды пайдалану мүмкіндігінен айырылып қалуы да ғажап емес.

Сондықтан «сақтанғанды сақтайды» деген кағиданы есепке алып, елімізде АЭС және энергияның басқа да қолжетімді түрлерін дамыта беру керек.

-Әңгімеңізге рахмет!

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также