Ақмола облысында қылмыс деңгей азайып келеді

Ақмола облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар кешенді шаралар қолға алынды. Өңірде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары күшейтіліп, тәртіп бұзушыларға қатысты жазалар қатайтылды. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Абуталипов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, бұзақылық, вандализм және мүлікті қасақана бүлдіру әрекеттері үшін жауапкершілік артты. Жаңа заңға сәйкес бұзақылық жасағандарға 500-ден 2000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады немесе 300-ден 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады. Ал вандализм үшін айыппұл көлемі 100-ден 200 АЕК-ке дейін өсіп, қамау мерзімі 50 тәулікке дейін ұзартылды, мүлікті бүлдіру әрекеттерінде залал шегі 200-ден 100 АЕК-ке дейін төмендетілді.

«Өңірде тәулігіне 1500-ден астам полиция қызметкері қоғамдық тәртіпті қадағалайды. «Нөлдік төзімділік» қағидаты енгізілгеннен бері ұсақ бұзақылық пен мүлікті бүлдіру оқиғалары азайды. «Таза Қазақстан» акциясы барысында 202 заңсыз қоқыс орны анықталып, 424 кәсіпкер мен 15 мыңнан астам азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды», деп толықтырды спикер.

Жалпы Ақмола облысында 65 мыңға жуық бейнебақылау камерасы орнатылған. «Қазақтелеком» АҚ-ның 1070 камерасы арқылы 1500-ден астам қылмыс пен 15 000 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Сонымен қатар, қауіпті аймақтарда 10 «SOS» батырмасы мен 10 модульдік полиция бекеті орнатылған.

Құқық қорғау шараларына 1500-ден астам ерікті мен жеке күзет құрылымдары жұмылдырылған. «Құқық тәртібі», «Учаске», «Жасөспірім», «Балалар түнгі қалада» сияқты акциялар арқылы 34 қылмыс пен 1000-нан астам құқық бұзушылық анықталған.

«Акиматтармен бірлесіп, «Зиялы қауым» жобасы іске асырылды. Бұл бастама Родина, Шуйское, Сепе, Покровка, Бастау, Максимовка, Юбилейное және басқа да ауылдарда тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған», деп толықтырды Серік Абуталипов.

Соңғы үш жылда Ақмола облысында қылмыстық құқық бұзушылық саны 5350-ден 4201-ге дейін төмендеген. Қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтар да біршама азайған. Құқық қорғау органдары алдағы уақытта қоғамдық қауіпсіздікті одан әрі күшейту мақсатында жаңа технологияларды енгізуді және алдын алу шараларын жетілдіруді жалғастырмақ.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также