Облыста су тасқынына дайындық жұмыстары жалғасуда.
Ақмола облысы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаев өңірдегі су тасқынына дайындық жұмыстары туралы баяндады. Оның айтуынша, облыстың 25 елді мекенінде су басу қаупінің жоғары деңгейі сақталуда, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.
Спикер су тасқынына дайындық 2021 жылдың жазында басталғанын атап өтті. Сонымен қатар, ауа райы жағдайына байланысты 4 060 адам тұратын 25 елді мекенді су басу қаупінің жоғары деңгейі сақталуда.
«2021 жылғы 25 мамырдағы инженерлік қорғау бойынша жоспарға сәйкес, 53 елді мекенде 35 шақырым су бұру каналдарын абаттандыру және тазалау, сондай — ақ 22 шақырым өзен арналарын тазарту, нығайту, топырақ үйіп бекітілген жерлерді салу, 10,9 шақырым бөгеттерді жөндеу, 47 су өткізу құрылыстарын орнату және жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілді», — деді Нұрлан Атығаев.
Ведомство басшысының мәліметінше, төтенше жағдай кезінде облыста 1,6 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған.
«Аудан әкімдіктерінің мәліметінше, өңірлерде 246 тонна жанар-жағар май, 17,2 мың тонна инертті материалдар, 76,8 мың қап дайындалды. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Облыстың елді мекендерінен 526 мың текше метрден астам қар шығарылды. Қар қорын құру және шығару жұмыстары жалғасуда», — деп толықтырды облыстық департамент бастығы.
Гидротехникалық құрылыстарды су тасқыны жұмыстарына дайындау бойынша жоспарлы іс-шаралар жүргізілуде. Астана, Сілеті және Шағалалы су қоймаларының режимін реттеуге ерекше көңіл бөлінеді.
«Департаменттен су тасқынына 445 адам, 84 бірлік техника, 12 бірлік жүзу құралдары, 97 мотопомпа жұмылдырылады. Су тасқыны жағдайы күрделенген жағдайда ТЖ департаментінің күштері мен құралдарын көшіру жоспарлануда. Сондай — ақ, басқа облыстардан күштер топтары құрылды», — деп түйіндеді Нұрлан Атығаев.