АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ШОМЫЛУ МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ: ҚАУІПСІЗДІК ТАЛАПТАРЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА
Ақмола облысында шомылу маусымының ашылуына байланысты халықтың су айдындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар қолға алынды. Бұл туралы облыстық ТЖД Ұйымдастыру жұмысы басқармасының бастығы, майор Бағдат Абланов өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлім етті.
Жаз мезгілінде су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі ерекше өзектілікке ие. Осыған орай облыстық ТЖ департаменті алдын алу шараларын күшейтіп, шомылу маусымына дайындық жұмыстарын жүргізді.
Биылғы маусым алдында облыс әкімдіктерінен 94 өтінім түсіп, арнайы қызметтер 20 мамырдан бастап 86 жағажайды тексерді. Оның ішінде 74 жағажай шомылуға жарамды деп танылса, 12-сі – талапқа сай емес. Жағажай иелері мен құтқарушыларға алғашқы көмек көрсету және төтенше жағдай кезінде әрекет ету бойынша нұсқаулықтар өткізілді.
“Бүгінде Ақмола облысында 74 ресми шомылу орны жұмыс істеп тұр, оның 12-сі коммуналдық, 62-сі – жекеменшік жағажайлар. Жағажайлар ең көп тіркелген аудан – Бурабай (28), Зеренді (13), Қосшы қаласында – 7 орын ашылған”, деді спикер.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін облыс бойынша 99 құтқарушы, 20 техника бірлігі мен 32 жүзу құралы кезекшілікте тұрады. Бурабай, Щучье, Үлкен Шабақты, Зеренді, Копа көлдерінде және Аршалы елді мекенінде су айдындарын патрульдеу ұйымдастырылған. Сонымен қатар балаларға жүзуді үйретуге арналған арнайы орындар (лягушатник) ашылған.
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, су айдындарында адам өлімі тіркеліп отыр. Соңғы үш жылда шомылу кезеңінде 51 адам суға кетсе, оның 19-ы – балалар. Биыл еліміз бойынша шомылу маусымы басталғалы 12 адам қаза тапқан, оның 5-еуі – бала. Ақмола облысында бір адам қаза тапты (Көкшетау қаласында).
2024 жылғы маусымда 13 адам суға кеткен болатын, оның 3-еуі – бала.
“Негізгі себептер: мас күйінде суға түсу, балаларды қараусыз қалдыру, өз күшін бағаламау және жүзе алмау. Осыған орай ТЖД тарапынан жергілікті полициямен және өңірлік әкімдіктермен бірлесіп 200-ден астам рейд өткізілді”,деп толықтырды Абланов.
Сондай-ақ 87 радиоүндеу, 3 телебағдарлама, 2 мыңнан астам үгіт-насихат өнімі, әлеуметтік желілерге 138 бейнеролик, БАҚ беттерінде 98 мақала жарияланып, 190 көрнекі стенд пен 287 “Шомылуға тыйым салынған” белгісі орнатылған.
Құтқарушылар тұрғындарды қарапайым ережелерді сақтауға шақырады:
• Балаларды қараусыз
қалдырмаңыз;
• Тыйым салынған жерлерде шомылмаңыз;
• Буйдан асып жүзбеңіз;
• Қайықпен балық аулау кезінде құтқару желетін киіңіз;
• Қараңғы уақытта және мас күйде суға түспеңіз;
• Жағажайға бейімделмеген құрылғылардан суға секірмеңіз.
Ақмола облысының ТЖ департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын судағы тәртіп пен қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Бұл – әрбір адамның өмірін сақтау үшін маңызды.