Осы жылдың 11 айы бойынша Ақмола облысы тұрғындарына көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны мен сапасы артты, ал цифрлық қызметтерді қолдану белсенділігі жоғарылады. Бұл жөнінде Ақмола облысы бойынша “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕАҚ директоры Дауылбаев Ерлан Сламханұлы брифингте айтты, деп мәлімдейді Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
2024 жылы Ақмола облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы фронт-офистері арқылы 516 079 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Сонымен қатар, облыс бойынша орналасқан «Өзіне-өзі қызмет көрсету» секторлары арқылы 608 161 қызмет дербес алынды. Бұл көрсеткіш халықтың мемлекеттік қызметтерді электронды түрде алу мүмкіндігін тиімді пайдаланатынын көрсетеді.
“Мемлекеттік қызметтер арасында ең танымал 5 қызмет бар. Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығының тіркеу куәлігін беру және кері қайтарып алу, Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу, Көлік құралдарын тіркеу, есепке алу және тіркеу нөмірлерін беру, жүргізуші куәліктерін беру, тұрғылықты жері бойынша тіркеу енді.
Бұл көрсеткіштер облыс тұрғындарының қызметке деген сұранысын және олардың цифрлық сауаттылығын көрсетеді”,- дейді Ерлан Дауылбаев.
Әлеуметтік төлемдер саласында да оң өзгерістер байқалуда. 2024 жылы облыс бойынша 231,5 миллиард теңге сомасына 321 748 адамға әлеуметтік төлемдер жүргізілді. Бұл саладағы маңызды өзгеріс 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы мен жәрдемақылардың 6,5%-ға артуы туралы мәлімдеме болды. Бұл шаралар 296 906 адамға әсер етеді және ай сайынғы төлемдер 1,5 миллиард теңгеге өседі. Зейнетақы мен жәрдемақыларды арттыру нәтижесінде облыс бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін мүгедектік және асыраушысынан айырылу төлемдері де 6,5%-ға ұлғаяды деп күтілуде.
Облыста заңды тұлғаларды тіркеу бойынша да айтарлықтай жетістіктер бар. 2024 жылдың 11 айында 2516 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның ішінде 616 жаңа заңды тұлға тіркелді. Бұл облыс экономикасының дамуын және кәсіпкерлік белсенділіктің артқанын көрсетеді.
“Азаматтық хал актілерін тіркеу бойынша да айтарлықтай жұмыстар атқарылды. 2024 жылы облыс бойынша 47 905 мемлекеттік қызмет көрсетіліп, оның ішінде 19 895 азаматтық хал актісі тіркелді. Бұл кезеңде туу туралы актілер – 8 868, қайтыс болу туралы – 6 634, неке қию – 3 617, неке бұзу – 776 акті тіркелді”-, деп толықтырды спикер.
Сонымен қатар, денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп, 2024 жылдың 1 мамырынан бастап перзентханаларда ЖСН беру жөніндегі пилоттық жоба іске қосылды. Бұл жобаның мақсаты азаматтар үшін әкімшілік рәсімдерді жеңілдету болып табылады.
Спикердің айтуынша, Ақмола облысында жер кадастры бойынша жұмыстар да қарқынды жүріп жатыр. 2024 жылы 10 371 коммерциялық қызмет көрсетілді. Жалпы сомасы 745 731,55 мың теңгені құраған жұмыстар жоспарға сәйкес орындалды. Жер шекараларын бөлу және белгілеу бойынша 6 585 жұмыс орындалды. Мемлекеттік қызметтер бойынша 22 621 қызмет көрсетілді, оның ішінде 14 855 қызмет Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы, ал 7 463 қызмет «Электрондық үкімет» порталы арқылы ұсынылды.
2024 жылғы 11 айда Ақмола облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметі халыққа тиімді қызмет көрсету мен цифрлық технологияларды енгізу бағытында үлкен қадам жасады. Облыс тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді көрсету жұмыстары оңтайландырылып, тиімділігі артты. Мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы жақсарып, электронды жүйелердің мүмкіндіктері кеңейді.
Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар облыс тұрғындарының қажеттіліктерін толық қанағаттандыруға және мемлекеттік қызметтерді алу үдерісін жеңілдетуге ықпал етеді.