Ақкөл ауданында жергілікті билік білім беру жүйесін дамытуға ерекше назар аударып, бірқатар маңызды шараларды іске асыруда. Ауданда 662 педагог жұмыс істеп, 24 мектепте 8 мыңға жуық оқушы білім алады. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Саят Ахмеджанов брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Ауданда балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында және балалар музыка мектебінде 400-ден астам оқушы қосымша білім алуда.
«2024 жылы білім беру үдерісін жақсарту мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылды. Ақкөл қаласындағы №2 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, 5 ауылдық мектепте жылу жүйесіне және 2 мектепте шатырларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. №4 Ақкөл орта мектебінде аумақты абаттандыру мен қоршауды ауыстыру, №3 Ақкөл орта мектебінде мектеп аумағының қоршауы мен автотұрақты орнату жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Саздыбұлақ ауылындағы мектептің электр желілері жөнделді», деді спикер.
Аудан мектептерін материалдық-техникалық жарақтандыру жұмыстары да жалғасуда. 2024 жылы 11 жаңа модификация кабинеті, оның ішінде инклюзияны қолдау кабинеттері мен робототехника кабинеті сатып алынды. Сонымен қатар, компьютерлік техника, моноблоктар, интерактивті панельдер және планшеттер алынды.