Отбасы және гендерлік саясат: Ақмола облысында отбасылық құндылықтарға зор көңіл бөлінуде

 

Қазақстанда ана мен баланы қорғау, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі.

Ақмола облысында отбасыны қолдау, бала тәрбиесінде әкенің рөлін арттыру, гендерлік теңдік және әйелдердің қоғамдағы рөлін нығайтуға бағытталған бірқатар бастамалар жүзеге асырылуда.

Бұл мәселелердің маңыздылығы нақты сандармен дәлелденеді. Өткен жылы 3900 жас жұбайдың әр бесіншісі ажырасуы туралы шешім қабылдаған. Негізгі себеп – мінездерінің сәйкеспеуі. Бұл көңіл көншітпейтін статистика қалыпты жағдайға айналып кетпеуі үшін отбасы және гендерлік саясатқа ерекше назар аудару қажет.

Қазақстанда қыркүйектің екінші жексенбісі – Отбасы күні ретінде белгіленді. Бұл мерекенің жарқын дәстүрлерінің бірі – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы. Өткен жылы Ақмола облысынан 93 отбасы байқауға өтініш берген. Жалпы, бұл өңір әйелдер, отбасы және гендерлік теңдік мәселелерін ілгерілетуде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Тек өткен жылы облыста үш мыңға жуық тұрғынды қамтыған 40-тан астам іс-шара ұйымдастырылды.

«Биыл көпбалалы, патронаттық және өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар үшін кемінде 14 ресурстық іс-шара өткізу жоспарланған. Сонымен қатар 10-нан астам қиын жағдайдағы көпбалалы отбасыларға патронаттық көмек көрсетіледі, ата-аналармен жеке кездесулер ұйымдастырылады, психологиялық және қайырымдылық көмектер беріледі. Біз Ақмола өңірінің бір мың жасөспірімін «Бақытты отбасы» атты әлеуметтік роликтер байқауына қатыстыруды көздеп отырмыз», – деп атап өтті Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев.

Бүгінде облыста 910 мүшесі бар 54 әкелер кеңесі жұмыс істейді, 60-қа жуық клуб бар. Төрт аймақта алты дөңгелек үстел мен бес кездесу өткізіліп, онда «Әке – асқар тау» тақырыбы көтерілді.

«Бұл іс-шаралар аясында отбасы алдындағы жауапкершілікті сезіну, саналы әке болу, отбасын жоспарлау, сондай-ақ отбасын құруды кейінге қалдыратын ерлер жасын ұлғайту мәселелері талқыланады», – деді Досұлан Айтбаев.

Сонымен қатар, өңірде жүзден астам Аналар кеңесі жұмыс істейді.

Әйелдер аймақ дамуының ажырамас бөлігіне айналған. Бүгінде жергілікті атқарушы органдарда 1901 әйел еңбек етеді. Барлық деңгейдегі мәслихаттардағы 254 депутат болса, оның 73-і – әйел.

«Облыс әкімінің төрт орынбасарының біреуі – әйел. Сонымен бірге 20 аудан әкімінің біреуі әйел. Облыстық басқарма басшыларының 20-сының бесеуі, олардың 33 орынбасарының 11-і – әйел. 50 аудандық және қалалық әкім орынбасарларының тоғызын, 236 ауылдық және кенттік округ әкімдерінің 42-сін әйелдер құрайды. Сот органдарында 248 әйел қызмет атқарады, олардың 50-і – судья. Құқық қорғау органдарындағы әйелдер үлесі 13%-дан асады», – деп толықтырды Досұлан Айтбаев.

Жақын арада өңірде «әйелдердің саяси көшбасшылық мектебі» өз жұмысын бастайды.

«Бұл – көшбасшылық әлеуеті қалыптасқан әйелдерге мүмкіндік беретін оқыту тренингтері. Бағдарламаға олардың тәлімгерлігі, бизнесте, саясатта және бала тәрбиесінде табысқа жеткен нақты әйелдердің өмірлік тәжірибелері кіреді. Сондай-ақ әйелдер үлесін арттыруға бағытталған семинарлар ұйымдастырылады», – деді Досұлан Айтбаев.

Жас жұбайларға қаржылық сауаттылық курстарын өткізу жоспарланған.

«Біз «отбасының сақталуына не ықпал етеді?» тақырыбында әлеуметтік эксперимент және талдау жүргізуді, студенттер мен мектеп оқушылары арасында «Ересектерге үндеу» жазу байқауын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстарға отбасылық психологтар мен тәжірибелі заңгерлер міндетті түрде тартылады. Отбасыларға қарым-қатынас бойынша кеңес беріледі», – деп атап өтті спикер.

Отбасылардың өмір сүру сапасын арттыруда қолдау қызметтері маңызды рөл атқарады. Мысалы, Көкшетауда «Ақ босаға» отбасылық тәрбие және демалыс орталығы ашылды. Бұл жерде тұрғындар өз уақыттарын қызықты әрі шығармашылықпен өткізе алады. Орталықта аэробика залы, үстел теннисі, шахмат және тоғызқұмалақ үйірмелері, әкелер мен аналар кеңестері, психолог пен медиатор

кабинеттері бар.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также