Робот сот орындаушысы ақмолалықтарды ТЖК айыппұлының қосымша 25% төлеуден босатады
Еліміз бойынша E-ZanKomegi заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе арқылы азаматтар кез келген құқықтық сұрақтарына онлайн режимде жауап ала алады. Сондай-ақ, «Е-нотариат» атты бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Осы және өзге де цифрлық реформалар туралы Ақмола облысы Әділет департаментінің басшысы Баукен Алмеш Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
E-ZanKomegi азаматтардың екі мыңнан астам адвокат пен заң кеңесшісінің білікті заң көмегіне қолжетімділігін жеңілдетеді. «Е-нотариат» жүйесі арқылы мүліктік өкімдерді қоспағанда, ерлі-зайыптылардың барлық сенімхаттары мен келісімдерін бейнеқоңырау арқылы онлайн режимде рәсімдеуге мүмкіндік беріледі.
«EgovMobile» қосымшасының «Цифрлық құжаттар» сервисінде қызмет нәтижелері тәулігіне 24 сағат қолжетімді. Өтініштерге қол қою кезінде QR-қол қою сервисі қолданылады, ал клиенттерді биометриялық сәйкестендіру арқылы дербес мәліметтер қорғалады. Осы мүмкіндіктердің арқасында ақмолалықтар нотариусқа бармай-ақ алты мыңға жуық сенімхат пен 1300 жұбайлық келісім рәсімдеді.
Құқықтық қызмет көрсету саласындағы тағы бір жаңалық – «Робот сот орындаушысының» енгізілуі.
«Егер 20 АЕК-ке дейінгі әкімшілік айыппұл уақытында төленбесе, уәкілетті орган деректерді автоматты түрде роботқа жібереді. Ол сот ісін қозғайды, әрі бұл процесс жеке сот орындаушысының қатысуынсыз жүзеге асады. Осыдан кейін азаматтарға 1414 нөмірінен SMS және EgovMobile қосымшасында push-хабарлама келеді. Бұл жаңашылдық азаматтарды айыппұлдың 25%-дық қосымша төлемінен және сот орындаушыға барудан босатады, өйткені барлық әрекеттер онлайн режимде орындалады», – деп түсіндірді Ақмола облыстық әділет департаментінің басшысы.
Жүйе іске қосылғаннан бері 16 999 жеңілдетілген атқарушылық іс жүргізу қозғалған. Осылайша, Ақмола облысының тұрғындары 81 985 367 теңге үнемдеді. Жаңа өзгерістер қатарында. «Айтеке» атты жасанды интеллект көмекшісінің іске қосылуы – чат-бот қарапайым құқықтық кеңестер беріп, құжаттарды жинауға көмектеседі.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындары үшін екі мыңға жуық «Құқық кабинеттері» жұмысын жалғастырады. Бұл – смартфон немесе басқа гаджеттерді пайдалану қиындық тудыратын азаматтар үшін дәстүрлі түрде заңгерлік көмек алу мүмкіндігін сақтап қалуға арналған бастама.