Тұтынушылардың құқығын қорғау: нарықтағы сапа мен әділдік

Нарықта тұтынушының құқығы басты назарда болуы тиіс. Өйткені, тауарлар мен қызметтердің сапасы тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандырумен қатар, олардың құқығын қорғауды да талап етеді. Осы бағытта мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бұл жөнінде Ақмола облысы сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ерлан Әубәкіров брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

 

2024 жылы департаментке азаматтардан 730 өтініш келіп түскен. Бұл көрсеткіш, тұрғындардың өз құқықтарын қорғау бойынша белсенді екенін көрсетеді. Өтініштердің 60%-ы бөлшек саудаға қатысты болса, 7%-ы электронды саудаға, 12%-ы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметтеріне, ал 10%-ы туристік қызметтерге қатысты болды. Қаралған өтініштердің 83%-ы қанағаттандырылып, тұтынушыларға 65 миллион теңге көлемінде қаржы қайтарылды.

 

Осы тұрғыда, департаменттің маңызды міндеті – сапасыз тауар мен қызметке қатысты шағымдарды шешу ғана емес, кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыру. Өйткені, нарықтағы кейбір компаниялар өз өнімдерінің сапасына жеткілікті назар аудармайды. Мәселен, автосалондар мен тұрмыстық техниканы сатушы компаниялар жиі сапасыз өнімдермен кездеседі. Бұл жағдайлар тұтынушылардың құқықтарын бұзу болып табылады, және оларды заңды жолмен қорғау маңызды.

 

2024 жылы департамент 367 кәсіпкерді әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде 336 кәсіпкерге ескерту беріліп, 31 кәсіпкерге жалпы сомасы 669 634 теңге айыппұл салынды.

 

“Құқықбұзушылықтардың басым бөлігі әлеуметтік маңызы бар өнімдерге сауда үстемесін асырып қоюмен және баға белгілерінің болмауымен байланысты болды. Бұл жағдайлар заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін қатаң бақылауды қажет етеді”,- дейді спикер.

 

Сонымен қатар, тұтынушылар бұрышын ұсынбаған және тұтынушылардың шағымдарына уақытында жауап бермеген кәсіпкерлерге де айыппұлдар салынды. Бұл шаралар тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етіп, нарықтағы бәсекелестіктің әділ болуын қамтамасыз етеді.

 

Қазақстандық өнімдердің сапасын арттыру мақсатында «Сапалы Өнім» тұжырымдамасы іске асырылуда. Бұл тұжырымдама отандық өндірушілерді қолдауға және қазақстандық өнімдердің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. 2024 жылы осы жобаның аясында 53 өнім түрі тексеріліп, олардың сапасы мен қауіпсіздігі зерттелді. Өкінішке орай, 23 өнімде санитариялық нормалар мен таңбалау талаптарының бұзылғаны анықталды. Бұл жағдайлар, ең алдымен, тұтынушылардың денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай өнімдермен жұмыс істейтін компаниялар айыппұл төлеп, жауапқа тартылды.

 

“Тұтынушылардың құқықтарын қорғау үшін, әрбір азаматқа бірнеше қарапайым кеңес беруге болады. Біріншіден, тауарды сатып алмас бұрын оның сипаттамаларын, жарамдылық мерзімін және пайдаланылу шарттарын тексеріңіз. Екіншіден, чекті сақтаңыз. Бұл, әсіресе, тауарды ауыстыру немесе қайтару қажет болған жағдайда маңызды құжат болып табылады. Үшіншіден, егер дүкенде тұтынушылар бұрышы жоқ болса, осы туралы құзыретті органдарға хабарлауға болады. Өйткені әрбір дүкенде тұтынушы бұрышы болуы тиіс. Құқықтарыңыз бұзылған жағдайда, Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінуден тартынбаңыз. Біз әрқашан сіздің құқықтарыңызды қорғау үшін жұмыс істейміз. Сонымен қатар, «Е-tutynushy» және «Е-otinish» мобильді қосымшалары арқылы онлайн түрде шағым қалдыруға, кеңес алуға және өтінішіңіздің қаралу барысын бақылауға болады”,- деп толықтырды Ерлан Әубәкіров.

 

Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті нарықтағы әділдік пен сапаны қамтамасыз ету үшін белсенді жұмыс атқарып келеді. Тұтынушының құқықтарын қорғау — тек заңның талабын орындау емес, сонымен қатар, әрбір азаматтың адал сауда жасауы үшін жағдай жасау болып табылады.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также