Елімізде электр энергиясы тапшылығы өткір тұр. Ол көптеген саланың дамуына кедергі болуда
Бүгін АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабта «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» сарапшылардың басын қосқан дөңгелек үстел өткізді.
«Қазақстанның атом энергетикасындағы ғылыми және кадрлық әлеует» тақырыбында онлайн және оффлайн форматта өткен жиынға партия төрағасы Азаматхан Әміртай, Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Ғұмар Серғазин, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК” АҚ Ғылым, СМ және СЖМ департаментінің директоры Арманбек Өмірғали, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС жетекші инженері Асулан Сиябеков, «Ядролық физика институты» РМК Астана филиалы директорының орынбасары Дарын Боргеков, «Ұлттық ядролық орталық» РМК «Атом энергиясы институты» филиалының Реактордан тыс сынақтар бөлімінің бастығы Асан Акаев және тағы басқалар қатысты. Дөңгелек үстел басына жиналғандар атом энергетикасы саласын терең сараптап, оның ғылыми-кадрлық аспектілеріне тоқталды.
«Елімізде электр энергиясы тапшылығы өткір тұр. Ол көптеген саланың дамуына кедергі болуда. Одан бөлек 100 млрд өндірістік қалдықтар жиналып қалған. Міне осының бәрін халыққа дұрыстап түсіндіруіміз керек. Біз бұл мәселені баяғыдан бері көтеріп келеміз. Мәселен, партиямыздың сайлауалды бағдарламасында Атом энергетикасына арналған бөлім бар. Сондықтан да бұл жұмысты біз баяғыдан бері жүргізіп келеміз десем болады. Қазір де біздің партияластарымыз жер-жерлерде халықпен кездесіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын қарқынды жүргізіп жатыр», — деді «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай.
Өз кезегінде сөз алған Энергетика министрлігінің өкілі еліміздің әлемде төртінші саналатын ядролық арсеналдан бас тартып, жаппай қырып-жою қаруын таратпау саясатына қосылғанын, соның арқасында халықаралық қауымдастық алдында зор беделге ие болғанын жеткізді. Сондай-ақ, МАГАТЭ-нің талабымен елдегі реакторларды жоғары байытылған ураннан төмен байытылған түріне көшіру, Маңғыстаудағы жылдам нейтронды БН-350 реакторын сөндіріп, оның отынын Курчатов қаласына тасу, Үлбі металлургия зауыты аумағынан төмен байытылған уран қорының банкін ашу да осы бағыттағы ұстанымымыздың нық екенін айғақтап берді.
«Бізге негізі АЭС-ті баяғыда-ақ салу керек еді. Енді салмау күнә». Бұл пікірді мен емес, халықаралық МАГАТЭ ұйымының мамандары айтып отыр. Өйткені, ол үшін алғышарттардың бәрі бар. Шикізат та жеткілікті, өндіріс те жоғары деңгейде жолға қойылған. Ғылыми потенциал бірқатар дамыған елдермен салыстырғанда көш ілгері. Енді АЭС салу туралы шешім қабылданар болса бұл жетістігіміз одан сайын арта түспек. Үміткер төрт компанияның бірімен келісіп, жұмыстар басталған шақты алдағы он жылда біздің мамандарымыз олардың атом электр станцияларына көптеп барып тәжірибе жинай алатын болады. Тағы бір айтарым, мен өзім Оңтүстік Корея, АҚШ, Белорусь сынды көптеген елдердің атом станцияларында болдым, экскурсия кезінде олардың тарихына шолу жасадық, сол кезде АЭС орналасқан жердегі ауылдар әуелде кішкентай ғана елді мекен болған болса, кейіннен үлкен қалаға айналып шыға келгенін көрдім. Дәл солай ертең Үлкен ауылы да үлкен қалаға айналып шыға келеріне күмәнім жоқ» — дейді Энергетика министрлігі Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Ғұмар Серғазин.
Ал «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК” АҚ Ғылым, СМ және СЖМ департаментінің директоры Арманбек Өмірғали өзінің кәспорыны жайлы, ғылыми жобалар жөнінде, Қазақстандағы атом энергетикасының тарихы жайлы айтып берді. Елімізде атом өнеркәсібінің 75 жылдық тарихы бар екен. Сонау 1949 жылдары елімізде ең алғаш барлау жмыстары жүргізіле бастаған. Ал 70-ші жылдары алғашқы реакторлардың құрылысы басталған. Осы 60 жыл уақыт ішінде, жұмысын тоқтатқан БН-350 реакторын қоса алғанда, 4 реактордың қай-қайсысы да бір де бір рет тосын оқиғаға шырамаған. Бұл дегеніміз үлкен жетістік.
«Қазақстанның атом өнеркәсібі бүгінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын өнеркәсіптік дәрежеде сабақтастыра алып отыр. Сондықтан да АЭС салудың қажеттілігі әлдеқашан туындағаны сөзсіз. Соның ішінде біздің де компанияның үлесі зор. Бүгінде «Қазатомөндіріс» Ұлттық атом компаниясы» ядрлық физика аясынан асып, сирек кездесетін металлдар тақырыбына көңіл бөле бастады. Бүгінде түрлі жобалар аясында рений, скандий, селен, ванадий, алтын сынды элементтерді терең өңдеуге көштік. Одан бөлек радиофармация бағытында да көш ілгері кеттік. Мұнда біз радий 226 және 225 элементтерін алды қолғға алып жатырмыз», — деді ол.
Сарапшылардың айтуынша, технологиялық жағынан бізден көп артта қалатын БАӘ, Бангладеш сияқты елдердің өзі АЭС салуға талаптанып жатыр екен. Сондықтан да бізге енді прогрессивті адамзат көшінен қалуға болмайды. Біз онсыз да әрісі 60, берісі 30 жыл кеш қалып қойдық. Радиофобия деп қорқа бермей, батыл шешім қабылдайтын уақыт жетті.
«Атом электр станцияларын пайдалану кезінде радиоактивті қалдықтардың бөлінетіні аян. Олардың үш негізгі түрі түзіледі: газ-аэрозоль түрінде, сұйық және қатты түрінде. Қауіпсіздіктің соңғы талаптарына сәйкес қатты радиоактивті қалдықтардың жалпы түпкілікті көлемі, яки сұйық күйде, құрғақ нығыздалған немесе сығымдалмаған күйде болсын, бір жұмыс жылында 1000 МВт үшін 50 текше метрден аспауы керек. Бір реакторының қуаты 1200 МВт болатын біз жоспарлап отырған АЭС үшін Қазақстанның әрбір азаматына бүкіл пайдалану мерзімі ішінде, яки 60 жыл боына шамамен 3600 текше метр немесе 200 мл радиоактивті қалдық жиналатын болады. Олардың бәрі бастапқыда уақытша станция аумағында, кейін белгілі бір көлемге жеткенде халықаралық ұйымдар рұқсат беретін жерлерге оқшауландырылатын болады», — дейді «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС жетекші инженері Асулан Сиябеков.
Осы күнгі дөңгелек үстелде өте кең көлемде әңгіме қозғалды. Атом энергетикасының жілігін шағып, майын ішкен мамандар салиқалы әңгіме қозғады. Ғылым жайы да, кадр жайы да сөз болды. Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтының мамандары онлайн сөз сөйледі. Осы айтылғандардың түйіні 6 қазан күні өтетін референдумға қазақстандықтарды шақырумен аяқталды.