Қазіргі кезде халық арасында атом электр стансасын салу жөнінде қызу талқылау жүріп жатыр. Әрине, жобаны қолдайтындар да, оны сынап жатқандар да баршылық. Әр адамның пікіріне түсіністікпен және сыйластықпен қарау мәдениетін үйреніп, қоғамда осы дәстүрді қалыптастыруымыз керек. Осы орайда, ең алдымен, кең даламызда атом электр стансасын салу бүгінгі күннің талабы екенін толық түсініп алғанымыз жөн. Кейбір сарапшылардың болжамына сүйеніп, еліміздегі газ бен мұнайдың қоры 60-100 жылға жетеді деп есептесек, болашақ ұрпақтың қамын ойлау тұрғысынан да атом энергетикасын дамыту керектігі көрініп тұр.
Сонымен қатар еліміз әлемде уран кенінің қоры бойынша екінші орында, оны өндіру бойынша бірінші орында екенінен хабардармыз. Шикізат көзінен тапшылық көрмеуіміз де атом стансасын салудың тағы бір негізі.
Кейбір сарапшылар бұл стансаларда қызмет атқаратын кадрлар туралы мәселені де көтеріп жатыр. Бұл – әрине, өте маңызды сұрақ. Дегенмен елімізде бүгіннің өзінде аталған салада жұмыс істеуге дайын мамандар бар және оларды жедел даярлауды қолға алуға болады. 1993 жылдан бастап «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында 13 мыңнан астам жас әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында оқып, мұнай, газ, химия, ғарыш қызметі және басқа да салаларда жұмыс істеуге қажетті мамандықтарды меңгеріп оралды.
Көпті мазалайтын негізгі сұрақтардың бірі – стансалардың қауіпсіздігі мәселесі. Алайда сарапшылардың айтуынша, саладағы қатерлер, бұрын болған бірлі-жарым апаттардың себебі жан-жақты талданып, тексеріліп, ескеріліп, түрлі көлемдегі, барынша қауіпсіз реактор модельдері ұсынылып отыр. Бұл ретте ерекше көңіл қойып, баса мән беретін бір мәселе – атомнан басқа отын түрлерін (көмір, газ, бензин, мазут, солярка, дизель, т.б.) пайдалану атмосфералық ауаға күкірт қышқылы газын көп шығарып, парниктік әсерді көбейтіп, климаттың жылыну қаупін одан әрі еселейді. Сондықтан БҰҰ адамзаттың, жалпы жер биосферасының болашақ тыныс-тіршілігіне төніп тұрған қауіпті ескеріп, климаттың өзгеруі бойынша негіздемелік конвенцияны қабылдады.
Аталған халықаралық құжатқа қосылған әлемнің 197 мемлекетімен қатар біздің еліміз де көміртегі шығарындыларын азайту, баламалы энергия көздерін пайдалануды арттыру жөнінде міндеттеме қабылдады. Былтыр Мемлекет басшысы Жарлығымен көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясы бекітілді. Атом энергиясын игеру – бұл бағыттағы проблеманы шешудің негізгі жолдарының бірі.
Жалпы, атом энергиясы таза энергия түрлерінің бірі, ал оны игеру еліміз экономикасының қарқындап өсуіне, болашақта электр энергиясының арзандауына жол ашады. Қазір әлемнің 30-дан аса елінде 200-ден аса атом стансасы жұмыс істеп тұр және көптеген мемлекет оларды жаңа технологиялық әдістермен салып жатыр. Бұған ХХІ ғасырда жер жүзінде 90-ға жуық реактор іске қосылып, тағы 50-ден астамы жаңадан салынып жатқанын да дәлел ретінде келтіруге болады. Жалпы, Еуропа одағына кіретін мемлекеттерде энергияның 25 пайызын, ал оның ішіндегі кейбір елдерде 50-60 пайызға дейінгісін атом электр стансалары беріп отырғанын да атап өту қажет.
Жаңа өнеркәсіп салудың, заманауи технологияны меңгерудің, озық өнім түрлерін шығарудың қуат көзін барынша қажет ететінін, бұл қажеттілік жыл санап арта түсетінін сараптаған абзал. Осы орайда уранның отын ретінде көп жұмсалмайтынын, көп шығынды талап етпейтінін, бірақ басқалардан гөрі энергияны көп беретінін есепке алып, елде электр энергиясының тапшылығын түбегейлі жою үшін атом электр стансасын салу керек деп санаймын.
Дана халқымыз «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деп айтқандай, алдымызда тұрған шешуші сәт – референдумға белсенді түрде қатысып, Мемлекет басшысының бастамасын қолдау.
Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ,
Алматы облысының құрметті азаматы
https://egemen.kz/article/372389-atom-energetikasynynh-alghysharty