ОСК Жигули Дайрабаевты президенттікке кандидат ретінде тіркеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Орталық сайлау комиссиясы Жигули Дайрабаевты президент сайлауына кандидат ретінде ресми тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ОСК-нің кезекті отырысында 20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауына үміткер Жигули Дайрабаевтың кандидатурасының заң талаптарына сай келетіні және оны кандидат ретінде тіркеу мәселесі қаралды.

ОСК мүшесі Асылбек Смағұловтың дерегінше, үміткер «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы отырысының президенттікке ұсыну туралы хаттамасынан үзінді, өмірбаян деректері, Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі және жоғары білімі туралы дипломының көшірмесін тапсырған.

«Аумақтық сайлау комиссияларының хаттамаларына сәйкес ҚР Президенттігіне кандидат Жигули Дайрабаевты қолдау мақсатында Қазақстанның 20 өңірінен 125 081 азаматтың қолы жиналды. Бүгінгі күнге олардың 122 246-сы тексеріліп, 119 975-і анық деп танылды. ОСК-нің 2022 жылғы 26 қыркүйектегі қаулысымен белгіленген ҚР Президенттігіне кандидатты қолдау үшін анық қолдардың санының жиналуына, яғни, 118 273-тен кем болмауына байланысты тиісті қолдарды одан ары тексеру тоқтатылды. Жигули Дайрабаевты президенттікке кандидат ретінде тіркеуге қажет бүкіл құжаттар ОСК-ға ұсынылды және оларға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді», — деді орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов.

ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровтің атап өтуінше, сайлау заңнамасының 59-бабының 5-тармағында көзделген барлық құжаттар заңда белгіленген мерзімде алынған.

«Осылайша, ҚР Президенттігіне кандидат ретінде тірке үшін барлық қажетті рәсім сақталды», — деді ол.

Осыдан кейін комиссия Жигули Дайрабаевтың кандидатурасы барлық талапқа сәйкес екенін растайтын қаулы қабылдады.

 

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также