Реформа жекелеген тұлғалардың, оның ішінде Президенттің артықшылығын ұлғайту үшін емес, бүкіл қоғамның мүддесі үшін өткізіледі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Қазақстанда Конституцияны өзгерту жөніндегі жалпыұлттық референдум алғаш рет өтеді. Бұл оқиға еліміздегі демократиялық дәстүрлерді бекіту жолындағы маңызды қадамға айналады. Еліміздің азаматтары конституциялық өзгерістердің мән-маңызын жалпы түсінеді», — деді ҚР Президенті Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты сессияда сөйлеген сөзінде.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, референдумға елімізде де, шетелде де қызығушылық жоғары. Бұл қоғамдық-саяси өзгерістерге деген әлеуметтік сұраныстың жоғары екендігін, адамдар алдағы өзгерістерге шынайы сенетіндігін білдіреді.
«Бұл – заңдылық. Өйткені, реформа жекелеген тұлғалардың, оның ішінде Президенттің артықшылығын ұлғайту үшін емес, бүкіл қоғамның мүддесіне орай өткізіледі. Маған елдің ішінде және шетелден «іс басындағы Мемлекет басшысы референдум арқылы өз өкілеттігі мерзімін ұзартпақ па? Яғни, президенттік мерзімін жаңадан қайта бастамақ па?» деген сұрақтар қойылды. Жауап беремін: Мұндай ниет болған жоқ және болмайды да. Ұсынылған саяси жаңғыру бағдарламасы мазмұны жағынан өте ауқымды. Негізгі басымдық азаматтардың құқықтары мен бостандықтар қорғау жүйесін күшейтуге, азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейтуге, билік институттарының транспаренттілігі мен тиімділігін көтеруге жасалған», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
https://www.inform.kz/kz/referendum-elimizdegi-demokratiyalyk-dasturlerdi-bekitu-zholyndagy-manyzdy-kadamga-aynalady-kr-prezidenti_a3939582