2022 жыл еліміз үшін халықтың санасын оятқан, ұлттың бірегейлігін қалыптастыру процесін жандандырып, жаңа бағыт-бағдар берген межелі жыл болды. Цифрлық дәуірдегі геосаяси сын-қатер көбейген осынау уақытта ұлтты біріктіретін тұрақты және саналы бірегейлікті сақтап, нығайту жеткіліксіз екені анық. Сондықтан бірнеше қадам алда жүру және ХХІ ғасырда ұлтты жаһандық геосаяси аренада бәсекеге қабілетті ететін құндылықтарды қалыптастыруды қазірдің өзінде бастау аса маңызды. Бұл – Қазақстанның әлемнің болашақ саяси картасынан алатын орнына тікелей қатысты мәселе.
Бүгінде Қазақстан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жан-жақты ойластырылған және жүйелі қадамдарының арқасында өзінің әлемдегі лайықты орнын иеленді. Сондықтан біз әлі де айналасында дау-жанжал белең алған ортада бейбітшілік мекені болып қалып отырмыз. Біздің жауымыз жоқ, өз көзқарасымыз бен мүддемізді сақтай отырып, бәрімен достық қарым-қатынас орнаттық. Өзімізді Шығыс Азия мен Еуропа арасындағы жаңа Жібек жолының маңызды логистикалық тармағы ретінде таныта алдық. Ресей, Қытай және жаһандық Оңтүстік сияқты геосаяси алыптардың ортасында өзіміздің бағдарымызды сақтап қана қоймай, маңызды өңірлік күш ретінде дамып келеміз. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның саяси лагерьлерден тыс мультилатерализм саясатын ұстанатын орта держава ретіндегі мәртебесі айрықша маңызға ие. Сыртқы саяси бағдардың бұл өзгерісі туралы 2024 жылдың жазында Еуропалық Одақтың сол кездегі Сыртқы істер және қауіпсіздік жөніндегі Жоғарғы өкілі Жозеп Боррель: «Бұрын Қазақстан периферияның орталығы саналатын еді. Ал ол қазір бәрінің нақ ортасына жайғасты», – деп пікір білдірген болатын.
Қазақстан көп елмен салыстырғанда, бүкіл әлемді шарпыған бірегейлік дағдарысынан шығатын жолды тапты. Кейбір мемлекеттерде, оның ішінде әлемдік державаларда бұл сын-қатерге жауап ретінде регресс, этностық ұлтшылдық, ксенофобияның өршуі, оңшыл радикализмнің белең алуы, өңірлік және ұлттық деңгейде оқшаулану, солардың салдарынан кері кету байқалғаны жасырын емес. Ал Қазақстан ішкі этномәдени интеграция арқылы, ешкімнің құқығына нұқсан келтірмей әрі ассимиляциялаудан бас тартып, ұлттық жаңғыруға ұмтылды.
Қоғамдық санада болашақтағы ұлттық құндылық пен мәдени-ақыл-ой негізін қалыптастыру және бекіту – күн тәртібіміздегі өзекті мәселе. Оның тартымды болуы Қазақстанның әрбір азаматына жаңа мүмкіндік беріп, ел брендінің шетелде бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етер еді. Бұл – ХХІ ғасырда ұлттық идеяға айналуға лайық тарихи ауқымдағы мақсат.
Мемлекет басшысы: «Ең алдымен, біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға баса мән беруіміз керек. Сонымен бірге қоғамды алға жетелейтін құндылықтарды қалыптастыру қажет. Халықтың бірегейлігі мен қоғамдық сананы жаңартпай түбегейлі өзгерістерді жүзеге асыру мүмкін емес», – деп, жаңа құндылықтардың бұл үдерістегі рөлін ерекше атап көрсетті.
Дәстүр мен қазіргі заманды біріктіретін жаңартылған ұлттық бірегейлік тұрақты мемлекеттіліктің негізгі орталығына, реформалар драйверіне және дағдарыс уақытында дамудың жасампаз күшіне айналуы да керек шығар. Ол ХХІ ғасырдағы ұлттың деңгейіне сай келетін жаңа этиканы, рухани дамудың үштағаны – білім, ғылым және мәдениетті, еңбек мәдениетін, цифрлық дәуірдің озық дағдыларын қалыптастыруды, сол арқылы смарт-ұлт құруды қамтиды. «Тоқаев моделінің» басты ұстанымы осы тетіктерді жалпыұлттық бірегейліктің мәдени-ментальдық матрицасына енгізуді көздейді.
Қазір оны айқындайтын негізгі құндылықтар мен мәдени үрдістерді атап көрсетуге болады. Ол, ең алдымен, Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасынан көрініс тапқан әділдік, заң мен тәртіп. Бұл тұжырымдама Президентіміздің заң үстемдігін, ашықтық пен азаматтық жауапкершілікті нығайту жөніндегі саясатының маңызды бағыты саналады. Бұл идея сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес саласындағы реформалармен, мемлекеттік қызметтерді цифрландырумен және жаңа қоғамдық сана қалыптастырумен тығыз байланысты. Адал азамат – сыбайлас жемқорлық ұят саналатын және заң, ашықтық, жауапкершілік қалыпты нормаға айналатын қоғам құндылықтары.
Мәдени мұра мен дәстүрдің жаңғыртылған құндылықтары – жаңа бірегейліктің маңызды элементі. Тыңғылықты зерделенген дәстүрлі негізге табан тірейтін қазіргі қазақ мәдениеті халықаралық аудиторияға да өзекті және сұранысқа ие құбылысқа айналып келеді. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде ғана емес, бірегейліктің бастапқы әрі маңызды бөлігін біріктіретін мәдениет құралы ретінде аясының кеңейе түскенін де атап өткен жөн. Бұл үрдіс ұлттық ренессанстың негізгі элементіне айналып келеді. Наурыз тойлау, этностильдегі киім үлгісіне, халық аспаптарына, ұлттық тағамдарға сұраныстың артуы сияқты жаңартылған әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер де ұлт бірлігіне ықпал ететіні анық.
Патриотизм мен ұлттық бірлік – ресми идеология ретінде емес, ел мен халық үшін мақтаныш сезімі, мемлекеттік рәміздерге – Туға, Әнұран мен Елтаңбаға, ата-бабаларымыздың тарихи жады мен рухани мұрасына деген шынайы құрмет, азаматтық келісімнің, этносаралық және дінаралық толеранттылықтың маңыздылығын түсіну жолындағы негізгі құндылықтар.
«Смарт-ұлт» тұжырымдамасы «Қазақ ренессансының» айқындаушы құрамдас бөлігіне айналуға тиіс. Ол – цифрлық трансформация жағдайында қатты дамыған, білімді, технологиялық тұрғыдан ілгері және әлеуметтік жауапты қоғам қалыптастыру деген сөз. Смарт-ұлт – технологияны қолданатын қоғам ғана емес, сонымен бірге азаматтардың білім деңгейі мен цифрлық сауаттылығы жоғары, инновациялық ойлау қабілеті, қоғамдық игілікке деген жауапкершілігі дамыған, өзін-өзі оқыту, бейімделу және жұмылу дағдылары қалыптасқан болашаққа лайық қоғам.
Сонымен қатар смарт-ұлт тереңнен ойлауды, когнитивті икемділікті, технологиялық өзгерістер жағдайында оқуға және қайта үйренуге дайын болуды, жаңа идеялар мен тәсілдерге ашықтықты, креативтілік пен инновациялық ойлауды дамытады. Өмірдің барлық саласында цифрлық технологияларды белсенді қолданумен қатар, смарт-ұлт инклюзивтілікті, барлығына тең мүмкіндіктерді қолдауды, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды, «жасыл» технологияларды пайдалануды, азаматтарды бастамашыл, ойшыл, этикалық өзгерістерге дайын тұратын тұлғалар ретінде тәрбиелеуді көздейді. Бұл тұжырымдаманың мақсаты – әрбір азамат әділ, тиімді және инновациялық мемлекет құрудың белсенді қатысушысы бола алатын қоғам қалыптастыру.
Қазірдің өзінде алғашқы қадамдар жасалды. Олар: «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы, «ақылды» қалалар мен IT-білім беру саласының дамуы, Astana Hub-тың іске қосылуы, стартаптар мен жастар бастамаларына жүйелі қолдау көрсету. Смарт-ұлт көз алдымызда пайда болып жатыр. Бұл –халықаралық олимпиадаларда жеңіске жеткен және беделді шетелдік жоғары оқу орындарына түскен оқушыларымыздың жетістіктері, шахмат сияқты ақыл-ой сайысындағы зияткерлік серпіліс. Біздің жасөспірімдер жуырда Грекияда өткен әлем чемпионатында жалпы командалық есепте бірінші орын иеленіп, 6 алтын медаль жеңіп алғаны белгілі. Бұл қатардағы ең жас чемпионымыз Алиша Бисалиева небәрі сегіз жаста екенін ерекше атап өткен жөн.
Ата-бабамыздан қалған мол мұраны ХХІ ғасыр трендтеріне сай жан-жақты зерделеу, жаңартылған, цифрлық дәуірдің дағдыларымен, жаңа білім және ақыл-оймен толықтыру аса маңызды. Ол – пассионарлық өсудің өзегі, «цифрлық көшпенділердің» жас ұрпағын жаңа биіктерге жетелейтін ішкі күш. Бұл ұлттың бірлігін, мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіруді, жүйелі стратегияны және әбден зерттелген идеологиялық тетіктерді біріктіруді талап етеді. Сенат жанындағы Сарапшылар клубы бастамашы болған «Талдау мектебі» қоғамдық жобасы осы қағидатпен жұмыс істейтінін айта кетуге болады. Жоба мемлекеттік басқарудағы, БАҚ, ғылыми сараптама қоғамдастығы және азаматтық сектор қызметіндегі талдау тәсілдерінің сапасын көтеруді көздейді.
Жалпы, «Тоқаев моделі» қоғам санасында бірыңғай мәдени-ментальдық кеңістік қалыптастыру процесін бастап берді. Ол құндылықтарға, мақсат-міндеттерге, тарихи нарративтерге, мәдени трендтерге, этномәдени дәстүрлер мен цифрлық дәуірдің негізгі мәніне табан тірейді. Бұл қадам қазақ ренессансын толық жүзеге асыруға және ұлтымызды әлемдік дағдарыс жағдайында бәсекеге қабілетті етуге қаншалықты қауқарлы? Бұл сұрақтың жауабы оның барлық қатысушысы мен игілігін көрушілер – мемлекетке, қоғамға, азаматтарға, яғни сіз бен бізге байланысты.
Бұл жөнінде Президентіміз
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біздің әлемдегі орнымыз, ең алдымен, ұлтымыздың сапасына байланысты болмақ. Қуатты ел боламыз десек, бірлесе отырып, бірқатар маңызды сауалға жауап беруге тиіспіз. Біз болашағы қандай мемлекет құрып жатырмыз? Ұлтымыз нені армандайды? Қазақстан азаматы қандай болуы керек? Еліміздің басты тірегі не? Миссиясы қандай?», – деп, нақты айтқан болатын.