ТАРИХ ТАҒЫЛЫМЫ

 

Ұлттық құрылтайдың 2022 жылғы мау­сымда өткен тарихи I отырысын­да ұлттық жаңғырудың негізі қаланды. Сол жиында Мемлекет басшысы: «Құрылтайдың басты мақсаты – жаңа идеялар мен жасампаз қадамдар арқылы ұлт бірлігін нығайту», деп, жаңа алаңның рөлін айқындап берді. Осы­лайша, ұлтымызға ұя болған қасиетті Ұлытау төрінде, қазақ хандарының атасы Жошы хан кесенесінің іргесінде тамырын тереңге жай­ған мемлекеттілігіміздің жаңа дәуірі бас­тал­д­ы деуге толық негіз бар.

Қазақтың мәдени және тарихи дәс­түрі­нен бастау алатын Ұлттық құрылтайдың фор­маты дала демократиясы институтының мә­нін жаңғыртып қана қоймай, халықтың тарихи жадына, ғасырлар бойы сақталған әдет-ғұрпына табан тірейді. Мұның мәні тереңде жатыр. Бұл даңқты тарихты еске алу үшін жасалып жатқан символикалық шара емес. Ол – болашақтың келбетіне ұлы тарих арқылы қарауға мүмкіндік беретін қадам.

Қазақстан тарихында ұлттық бірегей­лік­тің қалыптасуына әсер етіп, біздің мәдени-ментальды жадымызда терең із қалдырған үш маңызды кезеңді белгілі бір шартты­лық­пен бөліп көрсетуге болады. Біріншісі – VIII ға­сырдан XII ғасырға дейін жалғасқан Ор­та­лық Азиядағы ағартушылық дәуірі болса, екін­ші кезең – Алтын орда уақыты. Ал үшін­ші кезең – Тәуке хан билеген Қазақ хан­дығының алтын ғасыры.

«Өркениеттер тоғысында болған Қазақ­стан өзінің көп ғасырлық тарихында әлем­нің сан алуан салт-дәстүрін бойына сіңірді. Бұл – мәдени кодымыздың ажырамас бір бөлшегі, ұлтымыздың баға жетпес байлығы және бәсеке жолындағы артықшылығы». Мемлекет басшысының бұл сөздері Орталық Азия өңірінде, оның ішінде біздің еліміздің аумағында өркениеттің өркендеген дәуірін дәл сипаттайды. Шын мәнінде, сол кезең адам­затқа Шығыста Екінші ұстаз атанған әйгілі энциклопедист әл-Фарабиді, Бируниді, Ибн-Синаны, алгебраның атасы әл-Хорезмиді, Қожа Ахмет Ясауиді, әл-Бухариді, Румиді, Жүсіп Баласағұнды, Омар Хайямды және басқа да ұлы есімдерді берді.

Бұл ғалымдар мен ойшылдардың, геог­раф­тар мен саяхатшылардың, философтар мен теологтардың, ақындардың, суретші­лер­дің, музыканттардың, сәулетшілер мен сау­дагерлердің дәуірі болды. Мұның бәрі Еу­ро­падағы ғылым мен өнердің даму кезеңінен бір­неше ғасыр бұрын болғанын атап өткен жөн. Бұл нағыз ағарту және 500 жылға жа­л­ғас­қан рухани гүлдену дәуірі еді. Ол кезде Орталық Азия бүкіл әлемнің ғылыми және мәдени орталығы, елдер мен халықтар ара­сындағы алтын көпір болғаны белгілі. Осы бірнеше ғасырға ұласқан интеллектуалды өрлеу кезеңінде жинақталған мол қазына бүкіл адамзаттың, соның ішінде XVIII ғасыр­дағы Еуропада ғылым мен білімнің серпі­лісіне жол ашты.

Осыншалық даму мен ілгерілеу Ұлы Жі­бек жолының бойында болғаны айрықша маңызға ие. Бұл өркениет Қазақстанның оң­түстігіндегі қалаларды қамтыды. Мәселен, ежелгі Тараздың саудамен тығыз байланысты болғаны соншалық, кейбір деректерде шаһар­­­дың атауы «таразы» сөзінен шығатыны жөнінде айтылады. Коммерциялық белсен­ділік қалалардың дамуына, ауқымды тран­сұлт­тық байланыстарға және тұтас «халық­ара­лық инфрақұрылымның» пайда болуына ық­пал етті. Ол дегеніміз – қызмет көрсету са­ласы: қонақүйлер, керуен-сарайлар, базар­лар мен қоймалар. Сол кезде дүниенің әр түп­кірінен саудагерлер мен қолөнершілер, саяхатшылар мен ғалымдар, өнерпаздар мен суретшілер бай қалаларға ағылды. Әлемді танып-білген, өз бетінше шешім қабылдай ала­тын, жеткілікті салық төлейтін, өздерімен би­лік санасатын деңгейдегі саудагер кәсіп­керлердің тұтас шоғыры қалыптасты.

Орталық Азиядағы ағарту дәуірі еліміз­дің ілгерілеуіне үлкен әсерін тигізіп, халқы­мыз­дың ұжымдық санасында айқын із қал­дырды. Бұл кезең әлемге ашық болу, мә­де­ниеттер полифониясы, толеранттылық, бә­рімен тіл табыса білу, дипломатия өнері, бі­лім жолындағы талпыныс сияқты хал­қы­мызға тән қасиеттердің қайнар көзі екені сөзсіз.

Біздің бірегейлігіміздің қалыптасу жолындағы екінші маңызды кезең – Алтын Орда дәуірі. Шын мәнінде, дәл осы жерде XIII-XV ғасырларда халықтардың тарихи қауымдастығы қалыптасты. Одан Жошы Ұлысының аумағын, тілін, дәстүрі мен болмысын мұра етіп қабылдаған қазақ этносы бөлініп шыққаны белгілі.

Кеңес тарихшыларының «Алтын Орда езгісі», басып алған халықты найза мен қы­лыш арқылы қорқытып ұстаған жабайы көш­пенділер ордасы туралы айтқан стерео­типті тұжырымына қарамастан, Жошы Ұлысы орта ғасырда өркениеттің ошағы бол­ды. Бірін-бірі толықтыра түсетін қалалық жә­не көшпелі мәдениеттердің синкре­тика­лық үйлесімділігінен оның бірегейлігі қа­лып­тасты. Көшпенділердің жауынгерлік ай­быны қала қолөнершілерінің өнерімен ұш­тасып, сауда керуендері әлемнің үздік сар­баздарының қорғауымен шығыстан ба­тысқа қарай ағылып жатты. Базарлар Ой­куменаның әр түпкірінен келген тауарларға толы болды. Ал, діни төзімділік өзара қып­шақ диалектісінде сөйлесетін мұсылман­дар­ға, қырым иудей-караимдарына, несториан-хрис­тиандарға және православие өкілдеріне бей­біт қатар өмір сүруге мүмкіндік берді.

Жошы Ұлысының мәдени алуандығы философия, дін, медицина, математика, парсы және түркі әдеби дәстүрімен қатар, Орталық Азия ислам ағартушылық мұрасын, сондай-ақ өзінің бай фольклорын, оның ішінде батырлар жырын бойына сіңірді. Алтын Орда бірнеше ғасыр бойы Қытай жә­не Үндістан, сондай-ақ Ресей және Қырым­дағы италиялық (генуэзиялық) факториялар арқылы Шығыс пен Батыс арасында Ұлы Жібек жолындағы сауда және мәдени көпір, Транскаспий дәлізінің баламасы болды.

Тіл осы этномәдени әралуандықты бірік­тірген құрал ретінде қызмет етті. Ол – жазбаша оғыз-қыпшақ түркі тілі мен lingua franca – қыпшақ тілінің халықтық диа­лектілері. Тұрпайы латыннан француз және испан тілдері пайда болғаны сияқты бұ­лардың бірі қазіргі қазақ тіліне айналды.

Осы этностық, діни және мәдени то­лерант­тылықтың нәтижесінде Алтын Ор­дада өмір сүрген халықтар ерекше көп­мә­дени жүйе ретінде қалыптасты. Лев Гуми­лев­ше айтқанда, оны суперэтнос деуге болады. Бұл – белгілі бір өңірде бір уақытта пайда болған, экономикалық, идеологиялық және саяси тұрғыдан өзара байланысты және та­рих­та мозаикалық тұтастық танытқан эт­нос­тар тобы.

Қазіргі Қазақстан – Ұлы Даланың дәл жү­регінде, Алтайдан Каспийге, Сібірден Сырдарияға дейінгі Жошы Ұлысының негізгі аумағын сақтап қалған және оның мәдени-ментальдық парадигмасын қабылдап алған жалғыз егемен мемлекет. Содан қазақтың бүгінгі бірегейлігі бастау алды. Оның мәні – түркілік, еуразиялық, шығыс, батыс және дәстүрлі қазақ құндылықтарының синтезі, дінаралық және этносаралық толерант­тылық, табандылық, байсалды авантюризм, бостандық пен жаңа көкжиектерге ұмтылу.

Бірегейлігіміздің қалыптасуындағы үшінші маңызды кезең – халық арасында әз-Тәуке – Дана Тәуке атанған ұлы реформа­тор, Қазақ Конституциясы әйгілі «Жеті жар­ғы» заңдар жинағын қабылдаған Тәуке хан би­лік құрған уақыт. Халық арасында бұл ке­зең қазақ үшін алтын ғасыр саналғаны те­гін емес.

Тәуке хан басқару және құқық жүйе­сін­дегі реформалардың арқасында ішкі саяси қатынастарды реттеді. Ол билік қатынас­тары­ның жүйесін өзгертті. Билікті бір қолда шоғырландырмау саясатын жүргізді. Ескі бай-сұлтандарды ығыстырып, халық өз ара­сынан сайлаған ру билерін мемлекетті бас­қаруға тартты. Билер билік пен халық ара­сындағы кері байланысты және даулы мә­селелердің әділ шешілуін қамтамасыз етті.

Консенсус, яғни ортақ мәміле басқару­дың негізгі қағидаты ретінде жарияланды. Элита арасындағы қақтығыстар тоқтап, заң­ның әділдігі мен үстемдігі орнады. Эко­номика дамып, сауда өркендеді. Тұрақты өт­кізіліп тұрған билер құрылтайы жал­пыұлт­тық мәселелер шешілетін маңызды мем­лекеттік органға айналды. Еліміздегі бү­гінгі Ұлттық құрылтай осы демократиялық дәстүрдің тікелей жалғасы екені анық.

Сол кезең халықтың санасында алтын ға­сыр, игілік пен бейбітшілік салтанат құрған әділетті әрі жайлы дәуір, «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман» болып, мәң­гіге қалды.

Ұлы бабаларымыз бізге жақсылық пен жа­мандықтың аражігін ажырату, қашанда әділ­дік пен ар-намысты ту ету, қарапайым әрі қайсар болу, білімге талпыну, жақынға қам­қорлық таныту, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсету, туыстық қарым-қатынасты үзбеу, Тәуелсіздікке ұмтылу, жаңашылдықты мең­геру, балалардың еркіндігі мен дұрыс мақсат сияқ­ты құндылықтарды баға жетпес мұра етіп қалдырды. Біздің ендігі міндетіміз – осы бай қазынаны әрі қарай дамыту және соның айналасына топтасу. Сол арқылы Ұлы Дала­ның жаңарған және мәңгілік жүрегінде бо­ла­шаққа лайықты ұлт қалыптастыру.

Біздің ренессанс қазірдің өзінде бас­та­лып кетті. Соның нәтижесінде ұлттың өсіп-өркендеуіне жаңа жол ашылды. Даңқты жауын­герлер мен саудагерлерден, ғалымдар мен ақындардан, хандар мен билерден, қо­ныс аударушылар мен жер аударылғандардан, ағартушылардан, Алтын Орда, Қазақ хан­ды­ғы, Алаш ордасы, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы дәуіріндегі зиялы қауым мен жұ­мысшылардан бізге жеткен ДНК код – со­ның кепілі.

By admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Читайте также