2025 жылы «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі конкурс
«Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі конкурсы туралы» Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 523 Жарлығына (бұдан әрі — Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы) сәйкес 2025 жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсының басталғаны туралы хабарлама жасалды.
Конкурс екі кезеңде: өңірлік және республикалық деңгейде өткізіледі. Оған жеке кәсіпкерлік субъектілері қатыса алады.
Лауреаттар атағы үш санатта:
1) шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі;
2) ірі кәсіпкерлік субъектісі;.
және төрт номнация бойынша беріледі:
1) «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын».
Бұл номинацияда өз персоналын қолдауға, мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және жалпы коғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды (еңбек ақыны және әлеуметтік төлемдерді төлеуді, кадрларды кәсіптік даярлау мен қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі адамдарды барынша көп мөлшерде жұмысқа орналастыру және тағы басқалар) іске асыратын үміткерлердің кызметі қаралады;
2) «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын».
Бұл номинацияда еңбек кызметі процесінде қызметкерлердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларын жасайтын үміткерлердің қызметі қаралады.
3) «Үздік ұжымдық шарт».
Бұл номинацияда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын едәуір жақсартатын және нығайтатын ұжымдық шарттар қаралады.
4) «Экологияға қосқан үлесі үшін».
Бұл номинацияда қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға бағытталған табиғатты қорғау (экологиялық) бағдарламаларын іске асыруда ерекше көзге түскен үміткерлердің қызметі қаралады.
Конкурста «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы сыйлығы бекітіледі.
Бұл арнайы сыйлықта бизнес іске асыратын, халықтың әлеуметтік осал және аз қамтылған топтарының жұмыспен қамтылуына және (немесе) тұрмыс жағдайларын жақсартуға ықпал ететін әлеуметтік жобалар қарастырылады.
Гран-при-конкурстың ең жоғары наградасы, ол жұмыста және корпоративтік әлеуметтік және экологиялық жауапкершілік қағидаттарын іске асыру барысында барынша жоғары нәтижелерге қол жеткізген үміткерге беріледі.
Үміткерлер конкусқа қатысуға үшін материалды бір данада тапсырады, олар:
1) толтырылған өтінімді;
2) үміткердің өз қызметіне және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша нақты нәтижелеріне жасаған бағасының деңгейін көрсететін есебі. Үміткердің есебіне мыналар кіреді: заңды тұлғаның немесе жеке тұлғаның тарихы; ұйымдық құрылым; өзге де қосымша ақпаратты;
3) есепке қосымшаны (ұжымдық шарттың көшірмесі және өзге де құжаттар).
4) сауалнаманы қамтиды.
Аудандар және қала жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері конкурсқа қатысуға өтінімдер қабылдайды.
Үміткерлер Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Конкурсты өткізу қағидаларына сәйкес материалдарды қағаз және электрондық жеткізгіштерде ресімдеп, жергілікті атқарушы органдарға ұсынады.
Конкурсқа катысуға:
1) қызметін кемінде үш жыл жүзеге асырып жүрген;
2) тарату сатысында емес, банкрот деп танылмаған;
3) жойылмаған еңбек заңнамасының бұзушылықтары, оның ішінде қызметкерлердің жалақысы және басқа да төлемдері бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ;
4) қызметкерлермен ұжымдық-еңбек даулары жоқ;
5) жарғылық капиталдардағы мемлекеттің қатысу үлесі кемінде 50 пайызды құрайтын акциялары бар;
6) Қазақстан Республикасының аумағында саяси, кәсіподақ және діни ұйымдарды қолдауға бағытталмаған әлеуметтік және қайырымдылық қызметті жүзеге асыратын;
7) конкурсқа қатысуға берілген өтінімде дәйекті мәліметтер көрсетіп, сондай-ақ толық көлемде құжаттар ұсынған үміткерлер жіберіледі.
Конкурсқа қатысуға қатысты туындаған барлық мәселелер бойынша аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне, мемлекеттік экологиялық инспекторларға жүгіну қажет.
Конкурсқа қатысуға өтінімдер қабылдау мерзімі 2025 жылғы 1 шілде күні аяқталады.
Ақмола облысы
жұмыспен қамтуды
үйлестіру және әлеуметтік
бағдарламаларды басқармасы.